«ЕРЛІККЕ ТАҒЗЫМ / ПОКЛОН ГЕРОИЗМУ» АТТЫ КІТАП-АЛЬБОМНЫҢ ТҰСАУКЕСЕР РӘСІМІ

Ағымдағы жылдың 8 желтоқсаны күні Ғ.Сланов атындағы Атырау облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына орай жарық көрген «Ерлікке тағзым / Поклон героизму» атты кітап-альбомның тұсаукесер рәсімі өткізілді. Кітап-альбом Атырау облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығымен (бұдан әрі - орталық) дайындалды. Басылымды құрастырғандар орталық басшысы М. Кипиев пен Бас инспектор Ф. Байдаулетов.

Басылымды шығарудағы мақсат – ерлікпен қаза тауып, Отан үшін өз өмірлерін қиған атыраулықтардың есімін болашақ ұрпақтың жадында мәңгі сақтау болып табылады.

Шара барысында орталық басшысы М.Кипиев кітаптың мазмұнымен таныстырса, Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Ризуанов пен өлкетанушы А.Әміржанов басылымның маңыздылығы туралы сөз қозғады.

Альбомда Атырау облысында 1966 жылдан бастап осы күнге дейін бой көтерген 80 монумент пен ескерткіштің фотосуреттері және тақталарға жазылған боздақтар есімдері көрініс тапқан.

Басылымның лентасын Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ. Ризуанов пен Ғ. Сланов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры С. Ізмұхамбетова қиды.

Шараға облыстық мекеме басшылары, өлкетанушылар, тарихшы-ғалымдар, мәдениет мекемелері және БАҚ өкілдері қатынасты.

Яндекс.Метрика