Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының
ҚЫСҚАША ТАРИХЫ
Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығы - облыстағы тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтау, зерттеу, есепке алу, сақтау, насихаттау, әйгілеу, реставрациялау үшін құрылған мәдениет саласындағы мемлекеттік мекеме болып табылады.
Мекеменің 30 жылға жуық тарихында оның атауы мен заңды мәртебесі бірнеше рет өзгертілді. Орталық алғаш рет Атырау облысы әкімшілігінің 1992 жылғы 5 мамырындағы №116 шешімі бойынша Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны қорғау инспекциясы атауымен құрылды. 1999 жылы мекеме «Тарихи-мәдени мұраны сақтау» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорынына айналды. 2005-2019 жылдар аралығында - Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі мемлекеттік инспекциясы атауында болды.
Атырау облысы әкімдігінің 2019 жылдың 14 мамырдағы №93 қаулысына сәйкес «Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі болып қайта құрылды.
1992 жылғы есеп бойынша облыста 4 республикалық және 152 жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші болса, қазіргі уақытта соңғысының саны 313-ке жетті.
Алғаш құрылғанда мекемеде 4 адам қызмет етсе, бүгінгі күні орталықтың штаты 15 бірлікті құрайды, құрылымында 2 бөлім бар.
Мекемені 1992-1999 жылдары І.Ықсанғалиев, 1999-2000 жылдары Е.Мұхамбетов, 2000-2001 жылдары Ө.Әлімгереев, 2001-2003 жылдары Ғ.Ғұмаров, 2003-2007 жылдары Қ.Жылқышиев, 2007-2008 жылдары М.Кипиев, 2008-2014 жылдары Ғ.Ысқақов, 2014-2022 жылдары М.Кипиев, 2022 жылы 17 қазаннан бастып басшы Достыбаев Толыбай Бисенбайұлы басқарады.