Жаңадан тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтау мақсатындағы экспедиция (Индер және Махамбет аудандары)

Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының жылдық іс-шаралар жоспарына сәйкес 2020 жылдың тамыз-қыркүйек айларында Махамбет және Индер  аудандары аумағынан жаңадан тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтау мақсатында далалық ғылыми-зерттеу экспедициясын ұйымдастырды. Экспедицияның мақсаты – күні бүгінге дейін белгісіз болып келген тарихи-мәдени мұра объектілерін мемлекет қорғауына алу және оларға мәртебе беру.

Экспедицияға Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының Бас инспекторы Ф. Байдәулетов жетекшілік етті. Сонымен қатар, аталмыш іс-сапарға мекеменің тарихи-мәдени мұраны зерттеу бөлімінің археологтары С.Мираш пен Ғ.Базарбаев, осы бөлімнің тарихшысы Р.Қуанов және тарихи-мәдени мұраны қорғау бөлімінің тарихшысы Е.Орынбасаров қатынасты.

Экспедиция барысында жаңадан анықталған тарихи-мәдени маңызы бар нысандардың саны – 107. Олардың басым бөлігі – ерте темір дәуірлік Сармат қорғандары. Археологиялық нысандар қатарына жататын қорғандардың ішінде бірнеше обадан тұратын топтық қорғандар да бар. Олар бір-біріне жақын орналасқандықтан бір ғана ескерткіш ретінде тізімделді. Яғни, олардың жекеленген санын есептесе, ол 113-ті құрайды.

Сонымен қатар, ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың бас кезіне жататын сәулеттік маңызы бар құлпытастар мен қабір үсті құрылыстар (мазар, сағанатам) шоғырланған қорымдар, тұрғын-жайлар, мешіттер мен мектептердің орындары, үңгір және т.б. тарихи-мәдени маңызы бар ескерткіштер де есепке алынды. Бұған дейінгі бұл екі аудан көлемінде есепте тұрған 350-ге жуық ескерткіш бар екенін ескерсек, Жайық өзені кесіп өтетін Индер және Махамбет аудандарының территориясы ертеден адамдар мекен еткен аумақ екенін білдіреді.

Жаңадан анықталған 107 нысанды түріне қарай бөлетін болса:

  • Археология ескерткіштері – 74
  • Ансамбльдер мен кешендер – 27
  • Киелі объектілер – 5
  • Қала құрылыс және сәулет – 1 

 Оның ішінде:

  • Қорғандар–68
  • Қорымдар – 28
  • Мешіт – 3
  • Тұрғын жай – 2
  • Мектептің орны – 2
  • Ғибадат орны – 1
  • Үңгір – 1
  • Тұзды көл – 1
  • Тұрақ – 1.

 

Аудандарға бөліп қарайтын болсақ:

Индер ауданынан –75

Махамбет ауданынан – 28

Қызылқоға ауданынан – 4. 

Анықталған қорымдардағы құлпытастардың көлемі мен пішіні сан-алуан. Олар құмды-әктасты блоктардан қашалған және араб эпиграфикасымен жазылып, әртүрлі ою-өрнектермен безендірілген. Арасында, өте нақышталып оюланбаған жазық бедерлі құлпытастар да кездеседі.

Осындай сәулеттік маңызы қорымдардың бірі, Нарын құмының шығыс жиегінде орналасқанХІХ-ХХ ғасырдың бас кезіне жататын Түрікпен Адайлардың қауымы Айжарық пенБеріш-Себек руының қауымы Батырбек қорымдарынатап өтуге болады. Айжарық қорымында 27 құлпытас бар болса, Батырбекте 25 құлпытас шоғырланған. Негізінен, құмды аумақтарда ескі құлпытастары бар мұндай қорымдар сирек кездесетінін ескеру қажет. Сонымен қатар, Есбол ауылында орналасқан қорым мен Жарсуат ауылынан шығысқа қарай 20 км жердегі Жамантау қыратынан оңтүстікке қарай 2,5 км қашықтықта орналасқан Түменбаймола қорымын атап өтуге болады. Есболдағы қорымда 100-ден астам, ал Түменбаймолада 27 ескі құлпытас бар.Есбол қорымында Беріш, Таз, Адай, Байбақты ру өкілдері жерленген болса, Түменбаймола қорымы Беріш-Бегіс руының Наурыз бөлімінің қауымы болып саналады.

Зерттеу жұмыстары кезінде бірнеше мешіттердің орындары мен құландылары табылды. Олар: Махамбет ауданы Алға ауылының маңындағы руы Құлкеш Бисенғали қажы салдырған «Ақсай» мешіті, Индер ауданында орналасқан Жайық руының өкілі әйгілі Әйіп қажы салдырған «Көк» мешіт пен Себек руынан шыққан Хисметолла Ахун салдырған мешіттердің орындары бар. Соңғы екеуі, Нарын құмы аумағынан анықталды. Бұған дейін, яғни 2019 жылы Нарын аумағынан Ахмет ата мешіті мен Бөрте мешіттерінің орындары есепке алынып, тіркелген болатын.

Экспедияция барысында табылған тұрғын-жайлар ХІХ ғ – ХХ ғ. бас кезіне жатады. Олар Индер таулары төңірінен анықталған болатын. Тау тастарынан қаланған ғимараттардың қабырғалары ғана сақталған.Тұрғын-жай құрылыстарының айналасынан ХІХ-ХХ ғғ тән лак жағылған керамикалық ыдыс сынықтары табылды.

Есепке алынған мектеп орындары Махамбет ауданы Ақжайық ауылы тұсындағы Қызыл үй мектебі мен Нарын құмындағы Сазды мектебі. Сонымен қатар, өзге де анықталған тарихи-мәдени маңызды нысандар: Индер ауданы аумағында орналасқан Шолан тұзды көлі мен Төлес үңгірі.

Ерекше атап өтуге болатыны, ол Өрлік ауылынан батысқа 53 км қашықтықта Нарын құмында орын тепкен – ғибадаттық орын. Ол Тегембай тау қыратының үстінде орналасқан 30 жуық тас плиталы қоршаулардан тұрады. Бұл қоршаулар ежелгі халықтардың діни жоралғыларын өткізу орны немесе жерлеу орындары болуы мүмкін.

Экспедиция барысында анықталған тарихи-мәдени мұра объектілері суретке түсіріліп, сызбалық жобалары сызылды және құлпытастардағы төте араб жазулары оқылды.

 

Яндекс.Метрика