Атырау қазақтарының эпиграфикалық ескерткіштері

Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығы 2017 жылдан бастап Атырау өңіріндегі ХІХ ғ. – ХХ ғ. бас кезіне жататын араб қаріпімен жазылған құлпытастардағы жазуларды зерттеу жұмыстарын бастады. Мақсаты - төте жазулардың мағынасын аударып, көпшілік назарына ұсыну. Өйткені, облыс аумағындағы діни-ғұрыптық ескерткіштер болып есептелетін құлпытастардағы жазулар күні-бүгінге дейін оқылмаған. Сондықтан, көпшілігі ата-бабаларының жерленген орнын нақты білмейді.

Осы орайда, мекеме мамандары құлпытастардағы жазуларды оқу мақсатында арнайы далалық іссапарларға шығады. Зерттеу нәтижесінде, «Атырау қазақтарының эпиграфикалық ескерткіштері» атты сериялық кітап-альбомды жарыққа шығару қолға алынды. Бүгінгі таңда аталмыш басылымның 1-ші және 2-ші томдары баспадан шықты. 3-ші томын ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда.

Аталмыш жоба Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Атырау облысында тұңғыш рет басталып отыр.

Басылымның алғашқы томында Жылыой, Индер және Махамбет аудандары аумағындағы Ақмешіт (32), Алтын (68), Дәрі (40), Ұшқан ата (77) қорымдарындағы араб графикалық жазуларының аударма мәтіндері берілген болса, екінші томы Атан (17), Жаналы (24), Кетебай (2), Көпмола (60), Қабдуалі (18), Қарабала-Қантемір (2), Қосай (5), Мыңбай (21), Сағатай (11), Сұлтанәлі (7), Тайлан (16), Шелекмола (3), Шошақмола (14) қорымдарының объектілеріне арналған. Басылымның үшінші томында Атырау қаласындағы Ноғай (167) және Қызылқоға ауданындағы Тайсойған (14) қорымдарының құлпытастары жөнінде ақпарат берілген.

Қазіргі таңда үш том бойынша жарияланылған құлпытастардың саны – 598.

Яндекс.Метрика