9 желтоқсан күні Атырау облысы тарихи-мұраны зерттеу орталығы «Атырау қазақтарының наным-сеніміндегі киелі жерлер» атты кітап-альбомының таныстырылымын өткізді.
Атырау облысы әкімдігі мен Атырау облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен жарық көрген танымдық ғылыми басылымда Атырау өңірінің киелі нысандары, ата-бабалар дүниетанымындағы рухани сезім мен қасиетті ұғымдар зерттеліп жүйеленді. Киелі жерлердің фото-суреттері мен ақпараттары енгізілді.
Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында өткен шарада Атырау облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов алғашқы болып сөз алып, Атырау өңірі – әулие-әмбиелер ізі қалған, киелі орындары мол, тарихы терең өңір екенін, ел ішіндегі аңыз-әпсаналар, көнеден жеткен деректер, киелі мекендерге қатысты сенімдер – бәрі де халқымыздың рухани әлемінің ажырамас бөлігі екенін, бұл туынды – ғасырлар бойы қалыптасқан діни түсініктерді, бабалар дүниетанымын, халқымыздың рухани жадында ерекше орын алған киелі мекендерді ғылыми жинақтаған құнды еңбек екенін айта келіп, бұл кітап-альбомының қалың көпшіліктің қастерлеп ұстайтын құнды кітаптарының біріне айналарын жеткізіп, ұжымдық еңбекке атсалысқан мамандарға алғыс білдірді.
Осыдан соң Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының басшысы Толыбай Достыбаев аталмыш кітапты шығарудағы мақсат мүделерге жан-жақты тоқталған соң,
зиялы қауым өкілдері және өңірге белгілі тарихшылар, өлкетанушылар қатысқан тұсаукесер рәсімінде Атырау облысының Құрметті азаматы Бақтыбек Таубаев, мемлекет және қоғам қайраткері Сәрсенбай Еңсегенов, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің оқытушысы, тарих ғылымдарының докторы Лесбай Бердіғожин, Атырау облыстық мемлекеттік архиві басшысының орынбасары Тұрсын Қалимова, өлкетанушылар Төлеген Жаңабайұлы, Шахман Нағимов, Сәтқали Әуелбаев, Есенбай Нұров, Бағытжан Мусағалиев, Нұрдәулет Ақназаровтар сөз алып кітап-альбомының қоғам мен жұршылыққа сыйлар құндылығын атап өтті.
Аталмыш жиында Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Мұхамбетқали Кипиев Атырау өлкесі аумағындағы әулиелі орындардың, сонымен бірге халық қадір тұтатын атақты батырларымыз бен ақындарымыздың, белгілі билеріміз бен тарихи тұлғаларымыздың мәңгілік мекен еткен орындары, олар туралы тарихи ақпараттар мен аңыз-әңгімелері бір басылымға жинақталып, көпшілікке жол тартып отырғандығын айта отырып, тарихымызды толықтыратын мәліметке бай осынау кітап-альбом өлке тарихын зерттеушілерге көмекші құрал ретінде пайдалануға болатындығын жеткізді.
