Кезінде зерттеуге тыйым салынған бірқатар тарихи ескерткіштер мен мәдени мұралар қайтадан зерттеле бастады. Өткен тарихымызды зерделеудің жаңа кезеңі ашылып, олқылықтардың орны толғанымен, әлі де біраз мәселе шешімін таппай отыр. Облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының басшысы Толыбай Достыбаевпен сұхбат барысында осы тақырыптар кеңінен қозғалды.

– Әңгімемізді Атырау облысындағы тарихи және мәдени ескерткіштердің жағдайы туралы сұрақтан бастасақ. Жалпы, қазіргі таңда өңірдегі ескерткіштер қалай сақталуда, олардың саны мен мәртебесі туралы айтып берсеңіз.
– Бүгінде Атырау облысында 317 тарихи және мәдениет ескерткіші тіркелген. Бұл сандар өңіріміздің бай тарихи мұрасының куәсі болып табылады. Оның 313-і облыс әкімдігінің қаулысымен жергілікті маңызы бар ескерткіштер тізіміне енгізілген, ал 4 ескерткіш республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімінде тұр. Бұл тізімге кіретін ескерткіштер арасында Атырау қаласындағы Тұрғын үй қалашығы ансамблі (Жилгородок), оның құрамындағы Құрманғазы атындағы мәдениет сарайы, Су мұнарасы, Әуезов көшесіндегі 1-2 және Волгоград көшесіндегі 8-10 тұрғын үйлер, сондай-ақ Жылыой ауданындағы Жұбан кесенесі, Индер ауданындағы Махамбет Өтемісұлының жерленген жері мен ортағасырлық Сарайшық қалашығы сияқты ерекше орындар бар.
Ескерткіштер біздің өңіріміздің тарихи, мәдени және рухани құндылықтарын сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуде маңызды роль атқарады. Сонымен қатар 1 мыңға жуық объект тарихи-мәдени мұра объектілерінің алдын ала есепке алу тізіміне енгізілген. Бұл тізім жаңадан анықталған ескерткіштер мен мұраларды зерделеуге және олардың тиісті мәртебесін айқындауға бағытталған.
– Өңірдегі ескерткіштерді қорғау және сақтау бағытында қандай жұмыстар жүргізілуде? Қазіргі уақытта қандай шаралар жүзеге асырылып жатыр?
– Біздің мекеменің басты міндеттерінің бірі – облыс аумағындағы тарихи және мәдениет ескерткіштерін сақтау, қорғау және оларды ғылыми тұрғыда зерделеу. Бұл – халқымыздың рухани мұрасын болашақ ұрпаққа аман жеткізу жолындағы маңызды миссия.
Тарихи-мәдени сараптама – ескерткіштердің сақталу жағдайын тексеріп, олардың мәртебесін анықтау үшін қажетті зерттеу. Сараптама қорытындысына сәйкес оң қорытынды берілген ескерткіштер облыс әкімінің орынбасары төрағалық ететін Атырау облысының тарихи және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссияда қаралып, сұрыпталып, Мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы Тарихи-мәдени мұра мәселелері жөніндегі арнайы комиссияға ұсынылды. Соның нәтижесінде мақұлданған ескерткіштерге жергілікті маңызы бар тарихи және мәдениет ескерткіштері мәртебесі берілетін болады.
– Облыстағы ескерткіштердің қазіргі жағдайы қандай деп бағалайсыз?
– Облыстағы тарихи және мәдени ескерткіштердің жағдайы қанағаттанарлық деңгейде. Әрине, тарихи ескерткіштердің ұзақ уақыт бойы сақталуы олардың қорғалуы мен күтіміне байланысты. Тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығы қызметкерлерінен құралған жұмыс тобы өңіріміздегі жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріне мониторинг жүргізу мақсатында барлық ауданда іссапарда болды. Тарих жəне мəдениет ескерткіштеріне жасалған заңсыздықтар мен вандализм секілді іс-әрекеттерді қадағалау мақсатында жүргізілген мониторинг барысында жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне тіркелген нысандардың жай-күйі тексерілді. Анықталған кемшіліктер бойынша ұсыныстар әзірленіп, сақталу шараларын қолға алуды қажет ететін нысандар бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Қазіргі таңда Атырау өңірінде ХІХ ғасырға тән сәулеттік құндылығы бар қорымдар бар. Алайда олардың қоршауы болмағандықтан үй жануарлары таптап, құлпытастары құлап қалуда. Оларды қоршау және қалпына келтіру мәселесі бүгінгі өзекті мәселе болып отыр. Сонымен бірге ерте темір дәуіріне жататын археологиялық маңызы бар қорғандардың да баршылық екенін атап өткен жөн. Өңіріміз мұнай және жер игеру кәсібінің орталығы екенін ескерсек, мұндай жерасты археологиялық ескерткіштерін қорғау, оларды жер кадастрына енгізу де күттірмейтін мәселе. Әрине, бұл жұмыстардың барлығы қаржыны талап етеді. Дегенмен жергілікті әкімдіктердің қолдауы және демеушілердің мүмкіндіктерін пайдалана отырып, жұмыстарды кезең-кезеңімен орындау қажет деп есептеймін.
– Жаңадан тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтау және табу бойынша жұмыстар қандай деңгейде жүргізілуде? Атап айтқанда, өңірде қандай маңызды зерттеулер жүргізіліп жатыр?
– Мекеме мамандары осы жылдың қыркүйек айында Маңғыстау және Ақтөбе облыстарымен шектесетін Желтау, Доңызтау және Ақтолағай таулы-жоталы аймақтарына кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізу мақсатында Жылыой және Қызылқоға аудандарында іссапарда болды. Аталған аумақтардағы кейбір тарихи-мәдени ескерткіштер бүгінге дейін толық зерттелмеген.
Экспедицияның мақсаты – көрсетілген аумақтарда, әсіресе Маңғыстау мен Ақтөбе облыстарымен шектесетін жерлерде этно-археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізу. Бұған дейінгі аталған аймақтың кейбір жерлеріне зерттеулер жүргізілгенімен, көрші облыстардың шекара сызығына жақын аймақтарға ешкім бармаған. Осы орайда анықталған объектілерді картаға енгізу және оның бойындағы тарихи-мәдени маңызы бар нысандарды зерттеп, есепке алу біздің мақсатымыз болып табылады.
Зерттеу жұмыстары барысында бұған дейін анықталмаған қорымдар зерттелді және ерте темір дәуірлік қорғандар анықталды. Қорымдардағы араб әрпімен жазылған жазулар оқылып, олардың кімдерге тиесілі екені айқындалды. Зерттеушілер 45-ке жуық нысанға барды. Сонымен бірге археологиялық маңызы бар ерте темір дәуіріне жататын Бейімбет қорғандар тобы, Қаттыкөл қорғандары, Ұры қорғандары, Есенгелді қорғаны секілді объектілерді атап өтуге болады.
Сонымен бірге өңірге қатысты тарихи ақпараттарды іздеу (архивте) және тарихи ескерткіштермен шұғылданатын әріптес мекемелермен тәжірибе алмасу мақсатында мекеме мамандары Орал және Ақтөбе қалаларына іссапармен барды.
Бұл облыстың архивтерінде Атырауға қатысты кейбір ақпараттар кездеседі. Төте және латын тілінде шығарылған 1922 жылдардан бергі «Кедей», «Кедей түн», «Қызыл ту», «Жұмыскер тілі», «Үлгілі кеңес ауылы», «Екпінді құрылыс» газеттері де сақталыпты. Ондағы төте жазбаларды оқу барысында өлкемізге қатысты кейбір ақпараттардың табылғанын айта кету керек. Олар көршілес облыс болғасын, сонымен қатар Қызылқоға ауданының кейбір бөліктері кезінде Батыс Қазақстан облысына қарағандығы себепті өңірге қатысты ақпараттардың болуы заңдылық. Мекеме мамандары Ақтөбе облысындағы Абат-Байтақ қорымы мен Есет батыр Көкіұлы мазарына және т.б. тарихи нысандарға барып, ондағы объектілердің реставрациялануы мен сақталу жұмыстарымен танысып қайтты.
– Ұлы Жібек жолының бойындағы тарихи қалашықтар, атап айтқанда Сарайшық қаласының маңыздылығы туралы не айтар едіңіз? Оның тарихы мен қазіргі зерттеу жұмыстарына кеңірек тоқталсаңыз…
– Сарайшық қаласы – ел тарихында айрықша маңызы бар орын. Қазіргі таңда Сарайшықтың еліміздің мәдени мұрасына қосар үлесі зор екені белгілі. Президенттің қатысуымен Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда «Ұлы Жібек жолының бойында тұрған Сарайшық қаласы бір кездері айрықша геостратегиялық роль атқарған. Батыс пен Шығыстың экономикалық, саяси, мәдени қарым-қатынасына ерекше ықпал еткен. Атақты хандарымыз осы жерге ордасын тігіп, ел билеген. Бірқатары Сарайшықта мәңгілік мекенін тапқан. Тарихшылардың пайымдауынша, Қазақ хандығын қуатты мемлекетке айналдырған Қасым хан осында жерленген. Бір сөзбен айтсақ, Сарайшық – төл шежіремізде айрықша орны бар киелі шаһар» деп айтқан болатын.
Соңғы жылдары Сарайшық қалашығына археологиялық қазба жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Биыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Сонымен бірге қалашық аумағында Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Қазқайтажаңарту» республикалық мемлекеттік кәсіпорны қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде. Жалпы айтқанда, соңғы жылдары Сарайшық қалашығының келбетін жаңартып, тарихи нысандарды сақтау мен қалпына келтіру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда.
– Атырау өңірінің тарихы мен мәдени мұраларын зерттеу, насихаттау бойынша қандай баспа өнімдері жарық көрді?
– Жыл сайын біздің мекеме өлкенің тарихын насихаттау, тарихи ескерткіштер мен мәдени мұраны ғылыми айналысқа енгізу мақсатында баспа өнімдері шығарылады. Мәселен, өткен жылы «Атырау қазақтарының эпиграфикалық ескерткіштері» атты сериялық кітап-альбомының 4-ші томы жарыққа шықты. Мақсаты – ХІХ ғ.-ХХ ғ. бас кезінде ата-бабаларымыздың жерлеу орындарындағы араб әріптерімен қашалған құлпытастардағы жазуларды қазақшаға аудару және көпшіліктің назарына ұсыну.
2017-2019 жылдар аралығында кітап-альбомның үш томы жарыққа шығарылған болатын. Әр томына Атырау өлкесі аумағындағы ескі қорымдардағы 200-ге жуық құлпытастың аудармалары енгізіліп келеді. Бұл басылым, бір жағынан, Атырау өңірінің тарихи-мәдени мұрасының құндылығын танытуға бағытталған болса, екінші жағынан, өңірдің рухани тарихын зерттеу мен сақтау ісіне үлкен үлес қосады. Ал осы жылы «Атырау қазақтарының наным-сеніміндегі киелі жерлер» атты кітап-альбом жарық көрді.
Басылымда Атырау облысының аумағындағы әулие аталар культі, олардың сакралдық, қасиетті орындар ретінде қалыптасуына ықпал еткен факторлар және бұл киелі кеңістіктердің халық жадында сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуы, киелі орындар саналатын қасиетті адамдардың қабірлерінің бүгінгі кезде де пайда болу феноменін түсіндіруге қадам жасалды. Атырау аймағындағы қасиетті, әулие-аталар зираттарын көшпелі заманда Аллаға сыйыну орны ретінде пайдалану үрдісіне ықпал еткен халықтық (сопылық) ислам дәстүрлерін саралауға, «әулиелер культінің» қалыптасып, даму процестерін талдауға көңіл аударылды.
Ал негізгі бөлімде өңірдегі қасиетті орындар болып табылатын нысандарға жеке-жеке тоқталып, олар жөніндегі тарихи ақпараттар, аңыз әңгімелер келтіріліп, фото-суреттері бейнеленді.
– Тарихи-мәдени мұра объектілерінің қорғалуы мен сақталуы – ел тарихын құрметтеудің, өткенге тағзым етудің басты өлшемдерінің бірі. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы кеңірек тоқтала кетсеңіз.
– Атырау облысы аумағындағы тарихи және мәдени ескерткіштерді цифрлық форматта танымал ету мақсатында 75 ескерткішке QR-код орнатылып, 50 ескерткіштің интерактивті картасы жасақталғанын айта кетейін.
Мемлекет басшысы Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың 4-ші отырысында «тарихи-мәдени мұрамызды ХХІ ғасырға сай жаңғыртып, жүйелі түрде дәріптеуіміз қажет» деп айтқан болатын.
Осыған сәйкес облыс әкімдігінің қолдауымен, жергілікті маңызы бар тарихи нысандардың бірі – Алтын Орда дәуіріне тән, қолөнер орталығы болған елді-мекеннің бірі қала іргесіндегі Жұлдыз-3 ықшамауданында орналасқан XIII–XIV ғасырларға тиесілі Ақтөбе–Лаэти қалашығын қайта жаңғырту бағытындағы жұмыстарды атап өтуге болады. Бұл ескерткіш – біздің өңір тарихындағы аса маңызды ортағасырлық қалашықтың бірі. Оның жалпы аумағы 53 гектарды құрайды. Басты мақсат – осы нысанды ғылыми тұрғыда зерттеп, өңірдің туризм индустриясын дамытуға ықпал ететін тарихи-мәдени орталыққа айналдыру.
Өткен жылы қалашықтың аумағы толық қоршалды. Сонымен қатар алдағы уақытта Ақтөбе–Лаэти қалашығын ашық аспан астындағы музейге айналдыру жұмыстары да қолға алынбақшы. Бұл – тарихымызды тірілтуге бағытталған маңызды мәдени бастама.
Осы қалашықтың 500 шаршы метр аумағына осы жылдың маусым-тамыз айлары аралығында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу мақсатында тапсырыс берілді. Орындаушы ұйым – Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті. Қазба жұмыстары барысында археологтар ортағасырлық көне күміс тиындарды тапты. Көне тиын Жошы ұлысында құрылған Алтын Орда мемлекетінің билеушісі Меңгу-Темір хан тұсында құйылған ақшалар тобына жатады. Бұл тиындарды ресейлік нумизматик ғалым П.Петров монетаның бедерлі таңбаларын оқып, құндылығын аса жоғары бағалады.
Құйма тиынның бір бетінде Меңгу-Темір ханның таңбалары, екінші жағында Қытай иероглифтері бейнеленген. Археологтардың пайымдауынша, XIII ғасырдың екінші жартысына сәйкес келеді деп айтылуда. Сонымен бірге қазба орнынан күйдірілген кірпіштен қаланған пештің орны, шаруашылық мақсаттағы орындар анықталды. Сол орыннан бір метрге жуық үлкен хум ыдыстары, мыстан жасалған тиындар мен қола бұйымдар, ерекше олжа ретінде ортағасырлық қалаларда бүтін күйінде сирек кездесетін «Тағара» атты керамикалық ыдыс табылғанын атап айтқым келеді.
Тарих және мәдениет ескерткіштерін қалпына келтіру мақсатында биыл Мақат ауданы аумағындағы ортағасырлық «Таскешу» керуен сарайын ашық аспан астындағы музей етіп жасақтау мақсатында жобалық-сметалық құжаттама жасақталды.
Таскешу керуен сарайы – Мақат кентінен шығысқа қарай 35 км, Сағыз өзенінің сол жақ жағалауында орналасқан ортағасырлық ескерткіш. Алтын Орда дәуірінде, Сарайшық қалашығынан шығып Орталық Азияға апаратын ескі Ноғай керуен жолында сауда керуендеріне қызмет еткен ерекше археологиялық нысандардың бірі. 2024 жылы керуен сарайдың аумағына археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, аяқталған болатын. Мақсат – өлкенің Ұлы Жібек жолы бойындағы тарихи нысандарын сақтау және туризмді дамыту. Бұл жұмыстар алдағы уақытта қаржы мүмкіндіктеріне қарай жасалатынын атап өткім келеді.
Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің бірі Құрманғазы атындағы Мәдениет сарайын қалпына келтіру (күрделі жөндеу) жұмыстары және 1999 жылы елімізде екінші Алтын адам табылған Жылыой ауданында орналасқан Аралтөбе қорғанын қалпына келтіру жұмыстары да Жылыой ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен жүргізіліп жатыр.
Жалпы, біздің орталық жыл сайын тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтау, есепке алу, сақтау, зерделеу және олардың жай-күйіне мониторинг жүргізу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізе беретін болады. Себебі әрбір ескерткіш – халқымыздың жүріп өткен жолының, елдік пен бірліктің, мәдени өркендеудің айғағы. Оларды қорғау – мемлекеттік міндет ғана емес, ұлттық намыс пен рухтың көрінісі деп білемін.
Сұхбаттасқан Рита ӨТЕУҒАЛИ
