Атырау қаласы, «Жұлдыз-3» шағын ауданында орналасқан ортағасырлық «Ақтөбе-Лаэти» қалашығында Атырау облысы әкімдігі мен облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен ағымдағы жылдың 10-шы маусымынан бастап археологиялық қазба жұмыстары жүргізілуде.
Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының тапсырысымен тарихи орынның тылсым сырларын анықтау мақсатында зерттеу жүргізіп жатқан Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің археологтары жуырда қала орнынан қазба жұмыстары барысында сирек кездесетін көне күміс монеталар тапты.
Бұл олжаны ресейлік нумизматика профессоры Павел Петров зерттеп, бедерлі таңбаларын оқып, көне жәдігерге жоғары баға берген. Күміс монетаны Жошы Ұлысында құрылған Алтын Орда мемлекетінің билеушісі Меңгу-Темір хан тұсында құйылған ақша тобына жатқызған.
ХІІІ ғасырдың екінші жартысына сәйкес келетін құйма ақшаның бір бетінде Меңгу-Темір ханның таңбалары, екінші жағында Қытай иероглифтері бейнеленген екен.
Осымен қатар, археологтар қазбадан бүтін күйінде сақталған «Тағара» ыдысы да табылып отыр.