«Атырау қазақтарының эпиграфикалық ескерткіштері» атты кітап-альбомының IV томының таныстырылымы өткізілді

Бүгін Атырау облысы тарихи-мұраны зерттеу орталығы «Атырау қазақтарының эпиграфикалық ескерткіштері» атты кітап-альбомының IV томының таныстырылымын өткізді.

Атырау облысы әкімдігі мен Атырау облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен жарық көрген кезекті топтамада Атырау облысындағы Қызылқоға, Индер аудандары мен Атырау қаласы маңы қорымдарындағы араб графикалық жазуларының аударма мәтіндері беріліп, олардың фото-суреттері мен ақпараттары енгізілді.

Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің көрме залында өткен шарада Атырау облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов алғашқы болып сөз алып, бұл кітап-альбомының алғашқы томы 2017 жылы жарық көріп, қалың көпшіліктің құнды кітаптарының біріне айналғандығын, одан кейінгі жылдары шыққан кезекті томдары да жұртшылықтың жылы лебізіне бөленіп, әр үйдің көздің қарашығындай сақтайтын жәдігері саналатынын атап өтті. Топтамалар Атырау жеріндегі араб графикасымен жазылған эпиграфикалық ескерткіштерді зерттеу және насихаттаумен қатар ғылыми айналымға енгізу мақсатын көздеп отырғандығын жеткізді.

Зиялы қауым өкілдері және өңірге белгілі тарихшылар, өлкетанушылар қатысқан тұсаукесер рәсімінде Атырау облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Мақсым Ізбасов, ҚР Гуманитарлық ғылымдар академиясының корреспондент мүшесі, тарих ғылымдарының докторы Аққали Ахмет, «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің Батыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Қазбек Құттымұратұлы, Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Мұхамбетқали Кипиев, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры Амангелді Шамғонов, өлкетанушылар Сәтқали Әуелбаев, Нұрдәулет Ақназаровтар сөз алып кітап-альбомының қоғамға сыйлар құндылығын атап өтті.

«Салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Атырау облыстық филиалының төрайымы Гүлнар Шайхашева кітап-альбомының шығуына атсалысқан Атырау облысы тарихи-мұраны зерттеу орталығының қызметкерлері Руслан Қуановқа салалық кәсіподақ ұйымының «Еңбек даңқы» төсбелгісін, Мұратбек Жаңабайға «Құрмет грамотасын» табыстады.

Аталмыш жиында Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығы басшысының орынбасары Фархад Байдаулетов Атырау өңіріндегі құлпытастардың зерттелуі барысы жайында тұшымды баяндама жасап, өткен тарихымызды толықтыратын мәліметке бай осынау кітап-альбом өлке тарихын зерттеушілерге көмекші құрал ретінде пайдалануға болатындығын жеткізді.

Яндекс.Метрика