Жылыой және Индер аудандары тарих және мәдениет ескерткіштерінің қорғау аймағы анықталды

2024 жылдың 11 маусым мен 30 маусым аралығында Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығы қызметкерлері, яғни, мекеме басшысының орынбасары Фархад Байдәулетов, тарихи-мәдени мұраны қорғау бөлімінің  меңгерушісі Мұратбек Жаңабай, тарихи-мәдени мұраны зерттеу бөлімінің тарихшысы Руслан Қуанов,  тарихи-мәдени мұраны зерттеу бөлімінің археологы Мейірбек Жукестерден құралған жұмыс тобы  өңіріміздегі жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің қорғау аймағын анықтау мақсатында Жылыой, Индер аудандарында іссапарда болды.

Жұмыс сапары  барысында Жылыой ауданындағы Бәли, Шерліқұл, Рай, Желтау-1, Желтау-2, Шолабай, Шолабай-2, Шолабай-3, Ортатау,  Ортатау-2 қорымдары мен Ұлы Отан соғысының ардагері Байжан Атағожиевқа арналған обелиск және Индер ауданындағы Қарабала-Қантемір, Сұлтанәлі, Кенжемола, Ханша, Дүр, Тоғай, Шыныбек қорымдары, Төребай мазары мен ақын Жамбыл Жабаев бюсті ескерткіштерінің  қорғау аймақтары анықталып, сызбалары сызылды. Аталмыш нысандар әр қапталынан фотосуретке түсіріліп, әуеден  дрон арқылы  бейнетүсірілім және фотосуреттері жасалды.

Жалпылай алғанда Жылыой ауданында – 11 нысан (9 ансамбльдер мен кешендер, 1 монументтік өнер құрылысы, 1 археологиялық ескерткіш),  Индер ауданында – 9 нысанның (6 ансамбльдер мен кешендер, 1 монументтік өнер құрылысы, 2 қала құрылысы және сәулет ескерткіш) қорғау аймақтары анықталды.

Орталық мамандары тарих және мәдениет ескерткіштерінің қорғау аймақтарын анықтау жұмыстарын Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрінің 2010 жылғы 14 сәуірдегі № 86 «Тарих және мәдениет ескерткішінің қорғау аймағын, құрылыс салуды реттеу аймағын және қорғалатын табиғи ландшафт аймағын және оларды пайдалану режимін айқындау қағидаларын бекіту туралы» бұйрығы негізінде жүргізді.

Айта кетерлігі, осыған дейін Атырау облысы әкімінің қаулысымен жергілікті маңызы бар 93 тарих және мәдениет ескерткіштерінің қорғау аймағы бекітілген болса, өткен жылы 36 ескерткіштің қорғау аймағы анықталған болатын.

Яндекс.Метрика