Облыстық «Атырау» қоғамдық-саяси газетінің 2023 жылғы 13 қазандағы №82-шы санына Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығы басшысының орынбасары Фархад Байдаулетовтың «Құпиялы Қырғынтөбе» атты мақаласы жарияланды.
Аталмыш мақалада Қызылқоға ауданындағы Былқылдақты елді-мекені маңындағы «Қырғынтөбе» аталатын шағын төбешікке қатысты тарихи ақпараттар келтіріледі.
Осынау мақаламен танысам деушілерге, төменде зерттеу еңбектің мәтіндік нұсқасын назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Құпиялы Қырғынтөбе
Атырау өңірі сонау ерте тас дәуірінен халықтардың мекендеген аймағы екені зерттеу нәтижелері көрсетіп жүр. Қазіргі уақытта, сол дәуірлерден бері қарай мерзімделетін көптеген көне қоныстар мен жерлеу орындары бүгінгі таңда анықталып, нақтыланған. Аймақта сонау заманнан халықтардың шоғырлануы Каспий теңізінің солтүстік және солтүстік-шығыс етегінде орналасқан облысымыздың табиғат ерекшеліктері тіршілік үшін өте қолайлы болғанын білдіреді. Өлкеміздің едәуір бөлігін алып жатырған құмды алқаптарымыз Нарын, Тайсойған және Қарақұм құмдары шөбі шүйгін, жер асты сулары мол қоныс үшін ыңғайлы еді. Ескі мекендердің барлығы да осы аталған жерлерден анықталғанын айта кеткен жөн. Бұл салада қазіргі уақытта кешенді зерттеулер жүргізіп жүрген, өзім қызмет атқаратын Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығы (бұдан әрі – Орталық) мамандарының үлесі зор. Орталық тарапынан еліміздің және көрші елдердің архивтерінде ізденіс жұмыстарын жүргізіп, облыс аумағындағы көптеген зертеу экспедицияларын ұйымдастырды. Нәтижесінде, соңғы он жылда 20-ға жуық ғылыми негізде жазылған баспа өнімдері жарық көргенін бірі білсе бірі білмеуі мүмкін. Қазіргі таңда олармен қала және аудандардағы кітапханалардан танысуға болады.
Әрине, Атырау аймағына қатысты айтатын тарихи жерлер мен орындар жөнінде өзге де ақпараттар аз емес, бірақ бұл мақалада Қызылқоға ауданындағы Былқылдақты елді-мекені маңындағы «Қырғынтөбе» аталатын шағын төбешікке қатысты тарихи ақпараттар келтіріледі.
«Қырғынтөбе» төбешігі ұзындығы 1,5 км, ені 200 метр шамасындағы оңтүстік-шығыстан солтүстік-батыс бағытқа созылыңқы келген табиғи төбешік болып табылады. Сағыз ауылынан солтүстікке 19 км, Былқылдақты елді-мекенінің оңтүстігіне қарай 1,5 км жерде орналасқан.
Жалпы төбешіктің «Қырғынтөбе» аталуын сол жердегі қалмақ пен қазақтар арасындағы қақтығыстарда жауынгерлердің көп қырылуымен байланыстырады. Қазіргі уақытта ол жерде XVII–XІХ ғасыр аралығына жататын «Дулатмола» деген үлкен қазақ қорымы бар. Тарих ғылымдарының докторы, белгілі энограф С.Әжіғалидың бұл аумақта 2004 жылы жүргізген зерттеу экспедицияның ғылыми есебінде «Дулатмола» жөнінде мынадай мәлімет келтіреді. Адай-Мұңал-Бейімбет руының 1936 жылы туылған жергілікті тұрғыны Мәжеков Дәрібаланың айтуы бойынша Қырғын-төбе бейітінде Асан Қайғының Дулат деген балаларының бірі жерленген. Бұл мәліметті Мұрат Мөңкеұлының «Үш қиян» толғауындағы: «Ақтөбе мен Қорғанша, Асан Қайғы бабаның қызыл тастан үй салдырып, он жыл тұтас отырып, әңгіме құрып кеткен жер» деген өлең жолдары бұл аймақта Асан Қайғының болғандығын қуаттай түседі. Өйткені, Ақтөбе мен Қорғанша қалашығының орны осы аудандағы Қаракөл ауылы маңында орналасқан.
Дулатмола қорымындағы ХІХ ғасырға тән материалы құмды-әктастан дайындалған құлпытастарда араб қаріпімен Адай және Кете руларының марқұмдары жерленгені жөнінде жазылған. Одан өзге тау тастарынан қойылған құлпытас белгілер мен қабірүсті қоршау түріндегі бейіттер де кездеседі. Жалпы мұндай құлпытастар қою үрдісі еліміздің батыс аймағында, яғни Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Ақтөбе облыстары аумағында өте кең тараған. Ол дегеніміз бұл өңірлердегі ата-бабаларымыздың бейіттерінің көпшілігіне олардың есімдері жазылған құлпытастар қойылды және нақты қай жерде жерленгендігі белгілі деген сөз. Ал, жоғарыда аталған облыстардан өзге өңірлерде бұндай жаппай құлпытас қою жоқ десе де болады. Алайда, құлпытастардағы жазулар араб әріпімен жазылғандықтан, оны оқи алмауы себепті көпшілігі аталарының жерленген жерін біле бермейді. Қазіргі таңда зерттеу орталығының тарапынан осындай араб әріпімен жазылған құлпытастардың аудармасы көрсетілген үш томдық «Атырау қазақтарының эпиграфикалық ескерткіштері атты» кітап-альбом жарыққа шығарылды және алдағы уақытта оның келесі томдарын жарыққа шығару жоспарда бар. Ал, Дулатмоладағы құлпытастардың қазақша аудармасы алдағы уақытта назарларыңызға ұсынылатын болады.
Өңірдегі құлпытастардағы жазулардан ХІХ ғ.-ХХ ғ. бас кезінде татар молдаларының ықпалының басым болғанын айқын байқауға болады. Өйткені, ондағы жазуларда татар сөздерінің жиі қолданылғаны зерттеу нәтижесі көрсетіп жүр. Мұндай, Атырау өңіріндегі шоғырланған құлпытастардың пайда болуы 1815-1930 жылдар аралығын қамтиды. Оларды үш кезеңге бөліп қарауға болады. Бірінші кезең, 1815-1900 жылдар аралығы. Бұл кезеңдегі құлпытастардың ерекше жоғарғы деңгейде өңделіп, әр-түрлі ою-өрнектер, әшекей бұйымдар, қару-жарақтар және тұрмыстық заттардың бейнеленуімен, яғни тас қашау өнерінің жоғарғы деңгейімен ерекшеленеді. Сонымен қатар, ондағы жазуларда құран аяттары мен мұсылмандық діни сөздер көп құлпытастарда кездеседі. Екінші кезең, 1900-1930 жылдарды қамтиды. Көрсетілген мерзім аралығындағы құлпытастарда бірінші кезеңдегідей аса безендірулердің азайып, көп жағдайда мүлдем тоқтатылған. Олардағы жазулар да араб эпиграфикасымен жазылып, мұсылман дініне тән сөздер мен аяттарды жазу сақталған. Ішін-ара латын әріптерімен жазылған құлпытастар да бар. Ал, құлпытастардың таралуының үшінші кезеңінде, яғни 1930 жылдардан кейінгі мерзімдерде жазулар кириллицаға алмасып қана қоймай, оның материалы да жәй ғана бетоннан жасалып, мұсылман дінімен байланысты сөздер қолданылмағанын аңғарамыз. Өйткені, бұл кезеңнен кейінгі уақытта Кеңес үкіметі тарапынан қазақ жеріндегі молдалар қуғындалып, діннің таралуына шектеулер болғаны тарихтан белгілі.
Жалпылама, Атырау жеріндегі құлпытастардың пайда болуын осылай кезеңдеуге болады, дегенмен ең ескі құлпытас осы Қырғынтөбедегі Дулатмола қорымында болып шықты. Оның 1693 жылғы қойылғандығы құлпытаста араб сандарымен қашалған. Өкінішке орай, жазулары толық сақталмаған, тек қана «жасында опат болды 1693» саны және төменгі жағында бұрын кездеспеген үш бұрыш пен жоғарғы жағында сызығы бар ру таңбасы қашалған. Сонымен бірге, қас бетінде қазақтың ою-өрнегі нақышталған. Бұл аумақта ескі тас белгілердің болуы заңдылық. Өйткені, өткен жылы зерттеу орталығының мамандары Сағыз ауылы маңынан ІХ-Х ғасырлардағы Оғыз-Қыпшақтардың дәуіріне жататын, Атырау өңіріндегі алғашқы балбалтасты тапқан болатын. Балбал табылған жерге археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу барысында ол ораналсқан жер ғибадатхана болғаны анықталып, Балбалтастың табынатын пұт болғанын аңғаруға болады.
Атырау жеріне құлпытастар қайдан келді деген сұрақ туындайды?! Негізінен, құлпытастардың көп бөлігі Жайық өзенінің сол жағалауында, яғни Бұқар жақ бетінде кеңінен таралған. Ал, Жайықтың Самар бөлігінде сирек кездеседі, шамасы Жайық өзенінен өткізу оңай болмаған секілді. Сонымен бірге, архивтік фотоларда Қопа мекеніндегі ХІХ ғ. – ХХ ғ. бас кезіндегі құлпытастар саудасының фотосы кездеседі. Қопа деген елді-мекен Сағыз ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 18 км жерде орналасқан. Соған қарағанда, құлпытастар солүстік-шығыс өңірлерден әкелінген деген ойлар басымдау. Өйткені, Ақтөбе облысының Ресейдің Орынбор облысымен шектесетін өңірлерінде жиі кездесетін құлпытастардың материалы біз жақтағы құлпытастармен бірдей.
Қорытындылай келе, Қызылқоға ауданының аумағында айтарлықтай көне ескерткіштердің саны жөнінде алдыңғы орында. Шағын ғана Қырғынтөбенің баурайындағы тарихи жәдігерлердің өзін бір мақала төңірегінде көрсетуге тырыстық. Олардан өзге Қырғынтөбенің үстінде ерте темір дәуіріне жататын 6 курган бүгінгі таңда тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгізілген. Оларға да алдағы уақытта археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіліп жатырса, өзге де жаңалықтар болатыны сөзсіз.
Байдаулетов Фархад Жолдасқалиұлы