«Алтын Ордадағы урбандалу мен номадизмнің түйісуі және оның тарихи-мәдени мәні» атты Халықаралық ғылыми практикалық конференция

Бүгін Алматы қаласында, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының ұйымдастыруымен «Алтын Ордадағы урбандалу мен номадизмнің түйісуі және оның тарихи-мәдени мәні» атты Халықаралық ғылыми практикалық конференция өтті.

Аталмыш  шара «Алтын Ордалық Ақтөбе-Лаэти қалашығын реконструкциялау: деректану және тарихнамалық аспектілер» ғылыми жобасын жүзеге асыру шеңберінде өткізіліп, бұл жиынға   Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов және  Тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының басшысы Толыбай Достыбаев,  Атырау облыстық Қазақстан халықтары Ассамблеясының мүшесі, «Былина» орыс этномәдени бірлестігінің жетекшісі Андрей Кораблев қатынасты.

Әр өңірден келген тарихшылар мен мәдениет саласының өкілдері бас қосқан отырыста қаралған мәселенің бірі – Атырау қаласының іргесінде орын тепкен жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгізілген ортағасырлық Ақтөбе-Лаэти қалашығының ғылыми зерттелуі, оған қатысты жасалып жатқан және келешекте атқарылар  жұмыстар болды.

 Жиында Тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының басшысы Толыбай Достыбаев «Ақтөбе-Лаэти ортағасырлық қалашығы тарихи-мәдени мұра объектісі ретінде: Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығы жұмыстарының нәтижелері» тақырыбында, ал  «Былина» орыс этномәдени бірлестігінің жетекшісі Андрей Кораблев «Алтынордалық Ақтөбе-Лаэти қалашығының материалдық мәдениетін талдау: проблемалар мен перспективалар» тақырыбында баяндама жасады.

Айта кету керек, ағымдағы жылы  облыс әкімдігінің қаулысымен  Ақтөбе-Лаэти қалашығы аумағының қорғау аймағы бекітілді. Сонымен бірге, жалпы көлемі 34.9 га болатын  қалашық аумағын қоршау жұмыстарына ғылыми-жобалық сметалық құжаттама  және көне қалашықты ашық аспан астындағы музейге айналдыру мақсатында ғылыми-жобалық құжаттама  жасақтау жұмыстары жүргізілуде.  Аталған жұмыстар алдағы жылдары іске асырылады деп жоспарлануда.

Яндекс.Метрика