Жаңадан тарихи-мәдени маңызы бар ескерткіштерді анықтау

Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының қызметкерлері ағымдағы жылы  облыс аумағындағы жаңадан тарихи-мәдени маңызы бар ескерткіштерді анықтау мақсатындағы ғылыми экспедицияға барып келді. 30 күнге созылған зерттеу жұмыстары Атырау облысының Индер (5-19 тамыз) және Махамбет (25 тамыз – 8 қыркүйек) аудандарының аумағын қамтыды. Нәтижесінде, тарихи-мәдени маңызы бар 110 нысан анықталды. Олардың басым бөлігі – ерте темір дәуірлік Сармат кургандары. Сонымен қатар, ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың бас кезіне жататын сәулеттік маңызы бар құлпытастар мен қабір үсті құрылыстар (мазар, сағанатам) шоғырланған қорымдар, тұрғын-жайлар, мешіттер мен мектептердің орындары, үңгір және т.б. тарихи-мәдени маңызы бар ескерткіштер де есепке алынды. Бұған дейінгі бұл екі аудан көлемінде есепте тұрған 350-ге жуық ескерткіш бар екенін ескерсек, Жайық өзені кесіп өтетін Индер және Махамбет аудандарының территориясы ертеден адамдар мекен еткен аумақ екенін білдіреді. Жаңадан анықталған нысандардың ішінде: кургандардың саны – 70, қорымдар – 29, мешіт – 3, тұрғын жай – 2, мектептің орны – 2, ғибадат орны – 1, үңгір – 1, тұзды көл – 1.

Анықталған кургандардың ішінде бірнеше обадан тұратын топтық кургандар да бар. Олар бір-біріне жақын орналасқандықтан олар бір ғана ескерткіш ретінде тізімделді. Яғни, олардың жекеленген саны 100-ге жуықтайды деген сөз. Олардың қатарында өзгеше пішіндегі сопақша келген батон кургандар да бар.

Мешіттердің қатарында Махамбет ауданы Алға ауылының маңындағы руы Құлкеш Бисенғали қажы салдырған «Ақсай» мешіті, Нарын құмының Индер ауданы бөлігінде орналасқан Жайық руының өкілі Әйіп қажы салдырған «Көк» мешіт пен Себек руынан шыққан Хисметолла Ахун салдырған мешіттердің орындары бар. Бұған дейін, яғни 2019 жылы Нарын аумағынан Ахмет ата мешіті мен Бөрте мешіттерінің орындары есепке алынып, тіркелген болатын.

Табылған тұрғын-жайлар ХІХ ғ – ХХ ғ. бас кезіне жатады. Олар Индер таулары төңірінен анықталған болатын. Тау тастарынан қаланған ғимараттардың қабырғалары ғана сақталған. Есепке алынған мектеп орындары Махамбет ауданы Ақжайық ауылы тұсындағы Қызыл үй мектебі мен Нарын құмындағы Сазды мектебі. Сонымен қатар, өзге де анықталған тарихи-мәдени маңызды нысандар: Индер ауданы аумағында орналасқан Шолан тұзды көлшігі мен Төлес үңгірі. Ертеден жергілікті тұрғындар Нарын құмында орналасқан Шолан тұзын күнделікті ас дайындау мен өзге де қажеттіліктерге пайдаланып келеді. Ал Төлес үңгірі Индер тауларының шығыс жиегінде орын тепкен. Ол Индер таулары аумағындағы көптеген үңгірлердің ішіндегі ең үлкені десе болады.

Өзге де аудандардың аумағына кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізу мекеменің алдағы жылғы жоспарларында.

Яндекс.Метрика