Сағыз өзені бойынан жаңадан тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтау зерттеу экспедициясы

Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының мамандары 2021 жылдың маусым айының 6 – 26 аралығында Мақат, Жылыой және Қызылқоға аудандары территориясымен өтетін Сағыз өзені аумағына зертеу жұмыстарын жүргізді. Мақсаты, бұған дейін белгісіз болған тарихи-мәдени мұра нысандарын анықтау және есепке алу.

Экспедицияға мекеменің Бас инспекторы Ф.Байдәулетов жетекшілік етті. Сонымен қатар, топтың құрамында тарихи-мәдени мұраны қорғау бөлімінің меңгерушісі Р.Ахмеденова, осы бөлімнің тарихшысы Е.Орынбасаров және тарихи-мәдени мұраны зерттеу бөлімінің тарихшысы Р.Қуанов болды.

Экспедицияның маршруты Сағыз өзенінің оң жағалауының Мақат ауданындағы территориясынан бастау алды. Содан, зерттеу бағыты өзеннің Жылыой ауданың аз ғана бөлігін қиып өтетін аумақ арқылы Қызылқоға ауданы аумағына ұласып, Сағыз ауылдық округінің Ақтөбе облысымен шектесетін территориясына дейін жалғасты. Осыдан кейін, зерттеу жұмыстары өзеннің сол жағалауына ауысып, Ақтөбе облысы шекарасынан Мақат ауданы территориясына дейінгі аумақта жүргізілді. Зерттеу жұмыстары Сағыз өзенінің оң және сол жағалауынан шамамен 5 км жерге дейінгі аумақта жүргізілді.

Сағыз өзені аумағын кешенді зерттеу жұмыстары барысында 22 тарихи-мәдени маңызы бар ескерткіш жаңадан табылды.

Оларды түрге бөлгенде:

Ансамбльдер мен кешендер – 13;

Қала құрылысы және сәулет – 1;

Археология – 8.

Аталмыш зерттеу экспедициясы барысында бірқатар ерте темір дәуірлік қорғандар мен ХІХ ғ –ХХ ғасырдың бас кезіне жататын сәулеттік маңызы бар жерлеу орындары анықталған болатын. Қорғандардың құрылысы құмды топырақтан құралған болса, қорымдардағы мазарлар шикі кірпіштен қаланған және құлпытастар құмды-әктасты блоктардан қашалған. Алайда, қорым құрамындағы нысандардың жәй-күйі өте нашар. Жауын-шашын мен сыртқы факторлардың әсерінен мазарлардың қабырғалары құлаған, күмбездері опырылған кейбіреулері мүлдем шөккен. Ал, құлпытастар бірнеше бөліктерге сынып, құлаған, мүк басқан, жазулары жойылған. Жазуы сақталған араб эпиграфикалары қазақшаға аударылды.
Анықталған қорымдардың қатарындағы Шеңгелді қорымындағы шикі кірпіштен қаланған мазардың қабырғасына ортағасырлық құрылыстардың кірпіштері қоса пайдаланылған. Кірпіштер шаршы пішінде күйдіріліп дайындалған. Осы жерден 28 км-де орын тепкен Таскешу керуен сарайының тастарына ұқсас. Шамасы Таскешу керуен сарайынан тасып әкелінген немесе осы маңға жақын жерде өзге бір белгісіз ортағасырлық құрылыстың орнынан әкелінген болуы ықтимал.

Қорытындысында, табылған нысандардың қатарында:

Қорғандардың саны – 8 (топтық қорғандарды қоса есептегенде –19);

Қорымдардың саны – 13;

Мазар – 1.

Яндекс.Метрика