Кеңес Одағының Батыры Қайырғали Смағұловтың рухына құран бағыштап, батырдың мазары төңірегіне тазалық жұмыстарын жүргізді

"Зытып келем, зытып келем. Артыма қарай-қарай зытам... Зытып келе жатқаным, қашып келемін. Артыма қарай беретінім, қорқып келемін...». Дәл осылай басталатын шығарма есіңізде ме? Иә, бұл - Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» романы.
Талай жауынгердің рухын жанып, намысын қайраған бұл шығарманы бүгінгі буын білмегенмен, үлкен буын өз заманында ынта-ықыласпен оқыды. 1945 жылы «Қазақ батыры» деген атпен шағын кітап күйінде шығып, кейін 1950 жылы «Қазақ солдаты» деп өзгертіліп, толықтырылып қайта жазылған бұл роман қазақ әдебиетіндегі II Дүниежүзілік соғыс тақырыбына арналған тұңғыш туынды болатын.
Биыл неміс басқыншыларын жер жастандырған Жеңіске - 80 жыл, Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» романына - 75 жыл. Ал, осы романның басты кейіпкері Қайрош Сарталиев туралы бүгінгі ұрпақ біле ме?
Ол – ойдан шығарылмаған, өмірден алынған кейіпкер. Оның басты прототипі – Кеңес одағының батыры, атыраулық Қайырғали Смағұлов.
18 сәуір – Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күніне орай Атырау облысы тарихи-мұраны зерттеу орталығы Теңдік ауылындағы зиратқа барып, осы қауымда жерленген Кеңес Одағының Батыры Қайырғали Смағұловтың рухына құран бағыштап, батырдың мазары төңірегіне тазалық жұмыстарын жүргізді.
Алдағы уақытта қан майданда ерлігімен танылған тау тұлғаның тұрған үйіне ескерткіш тақта орнату жоспарлануда.

Яндекс.Метрика