Ақтөбе-Лаэти қалашығы туралы

Атырау облысы әкімдігінің 2023 жылғы 11 сәуірдегі №53 қаулысымен жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет  ескерткіштерінің  бірі –  Атырау қаласы «Жұлдыз-3» шағынауданында орналасқан Ақтөбе-Лаэти қалашығының  қорғау аймағы  бекітілді.  Томарлы ауылынан шығысқа қарай 2 км жерде орын тепкен көне қаланың  жалпы көлемі 34,9 га, яғни 450 х 850 метр.  

Тарихшылардың пайымдауынша, ХІІІ-ХІV ғасырларға тиесілі бұл тарихи орынды бүгінде өңірімізде туризм индустриясын дамытуға септігін тигізетін нысанға айналдыру жоспарлануда.  Осыған сәйкес, Атырау облысы әкімдігінің тапсырмасымен көне қалашық аумағын қоршау жұмыстарына ғылыми-жобалық құжаттама жасақталуда. Жобалау жұмыстарын «Күмбез» мамандандырылған жобалау-жаңғырту фирмасы» ЖШС мекемесі атқаруда.

Осымен қоса,  келешекте Ақтөбе-Лаэти қалашығын аспан астындағы музейге айналдыру мақсатында жобалық-сметалық  құжаттама жасақтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.  

Ақтөбе-Лаэти қалашығы туралы:

 Қалашыққа алғаш рет 1965 жылы М.С. Мерщиев археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. 1974-1981 жылдар аралығында СССР ҒА Археология институтының Еділ-Орал бойы экспедициясы Л.Л. Галкиннің жетекшілігімен жүйелі түрде қазба жұмыстар атқарылды. Ақтөбе қаласын бұрынғы Итальяндық картадағы Лаэти қаласымен баламалайды. Осыған орай, ол Ақтөбе (Лаэти, Теңдік) атаулары қоса аталады. Ортағасырда Алтын Орда қалаларынан шыққан керуендер Хорезм, Иранға Ақтөбе арқылы өткен. Қала ХІІІ-ХV ғасырларда Каспий маңы ойпатындағы Алтын Орданың гүлденген қалаларының бірі болған. Топограф А.Алексеевтің жазуы бойынша жергілікті қазақтар арасында қалашыққа қатысты келесідей ақпарат сақталған. Ол бойынша «қалашық ертеректе моңғолдардың, яғни Алтын Орданың портты қаласы болған. Бірақ, кейін теңіз суы тасып, төбені айнала су басқан. Осыған орай, бұл аймаққа келген халық су тасқынының ұзаққа созуылуына байланысты шығынға ұшыраған. Қазіргі уақытта қалашық үстінде шашылып жатқан сүйектер осыдан қалған» деп айтылады.

Ақтөбе қалашығы Алтын Орда кезеңіндегі керуен жолдың бойында ХІІІ-ХІV ғасырларда құрылып, өмір сүрген. Қалашық ХІV ғасырда Каспий теңізі деңгейінің көтерілуі салдарынан жойылған болуы мүмкін. Теңіз суы қайтқаннан кейін, яғни, ХХ ғасырдың 50-жылдардан бастап қалашық үстінен сүрлеу жолдар салынып, малдардың таптауымен мәдени қабаттары бүліне бастады. Дегенмен, көп жылдар бойы су астында болғандықтан мәдени қабатының құрылымы тығыз және тұрғын жайлардың орындары мен қабырғалары жақсы сақталған. Табылған жәдігерлерге қарап бұл жерде темір, шыны, сүйек, сәндік бұйымдар өңдейтін шеберханалардың болғандығы дәлелденіп отыр. Олардың ішінде арнайы құйылған пішінді заттар, керамикалық ыдыстар, моншақтар, жүзіктер, шыныдан жасалған білезіктер, ХІV ғасырға жататын алтын тиын және т.б. бар. Қазіргі таңда бұл жәдігерлер Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінде сақталған.

Яндекс.Метрика