Бүгін, Атырау облыстық Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларын жүзеге асыру бағытында жарыққа шыққан «XVIII-XX ғасырлардағы Атырау өңіріндегі елді мекендер» атты кітап-альбомын таныстыру рәсімі өтті. Басылым Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығы тарапынан дайындалып, 2020 жылдың соңында жарыққа шыққан болатын.
Далалық және археографиялық зерттеу жұмыстары негізінде жарық көрген бұл басылымда өлкемізде XVIII ғасырдан бастап пайда болған елді-мекендер туралы ақпарат берілген. Басылымдағы елді-мекендер пайда болу уақыты мен географиялық орналасуына қарай 3 бөлімге топтастырылған. Оның алғашқысы Жайық пен Жем өзендері бойында салынған елді-мекендерді қамтыса, екіншісі Каспий теңізінің жағалауында болған ауылдарды, соңғысы ХХ ғасырдың 20-жылдарына дейін салынған сауда және өндіріс орталықтары жөнінде жазылған. Кітапқа И.К.Кириловтың 1731 жылы шыққан Астрахань иелігінің картасынан бастап Гурьев және Кулагин қамалдарының 1740-1881 жылдар аралығындағы жоспарлары, қамал мен ондағы ғимараттардың сызбалары, елді-мекендердің фото-суреттері берілген. Басылымда барлығы 40 елді-мекен туралы мәлімет енген.
Шараны кітапхана басшысының орынбасары М.Дәулетқалиева ашып, басылымды таныстыру үшін сөзді кітап авторы, орталық басшысы М.Кипиевке берді. Одан әрі кітап жөнінде өз пікірлерін Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ғалымдары т.ғ.к. Ж.Жұмабаева мен Ш.Нағимов, облыстық архивтің басшысы т.ғ.к. С.Қуаныш, "Былина" орыс этномәдени бірлестігінің жетекшісі А.Кораблев, өлкетанушылар Т.Жаңабаев пен А.Әміржанов, Г.Елешовалар білдірді. Кітаптың лентасын Ш.Нағимов пен Т.Жаңабаев қиды.