31.08.2026 жылы еліміздегі екінші «Алтын адам» табылған тарихи орын – Жылыой ауданындағы Аралтөбе қорғанында ашық аспан астындағы экспозициялық музей ашылды.
🔹️Аудан орталығынан шамамен 66 шақырым жерде орналасқан жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет нысаны б.з.д. II ғасыр – б.з. алғашқы кезеңіне жататын археологиялық ескерткіш саналады. 1999 жылы белгілі археолог, тарих ғылымдарының докторы Зейнолла Самашев бастаған археологиялық экспедиция осы жерде қазба жұмыстарын жүргізіп, ерте темір дәуіріне жататын сармат көсемінің жерленген орнын анықтады. Осы олжа Қазақстан тарихындағы Екінші «Алтын адам» ретінде ғылыми айналымға енген еді.
🔸️Бүгінде саф алтын табылған осынау төбеге қорғанның жасанды макеті жасалып, көпшілік тамашалайтын ашық аспан музейіне алтын сауыт киілген Сармат көсемінің жерленген экпозициясы салынды.
🔸️Жаңартылып, қайта қалпына келтірілген «Аралтөбе» қорғанының салтанатты таныстырылымында Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражанов сөз алып, музейдің ішкі көркемдік жұмыстарын жүзеге асырған гиперреалист мүсінші Айдос Әкімғалиұлына және жобаға атсалысқан барша азаматтарға алғысын білдірді.
🔹️Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов Аралтөбе қорғаны ежелгі дәуірден сыр шертетін, тарихи-археологиялық маңызы зор қасиетті мекен екенін айта келе, тарихи нысанның жұртшылық қызықтайтын мәдени ошаққа айналуы әлем археологиясына үлгі боларлықтай бастама болатынына сенім білдірді.
🔸️Ашық аспан астындағы музейдің тұсаукесер лентасын қию құрметі ҚР Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, Жылыой ауданының Құрметті азаматы Бүркіт Базарбаев пен аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Зағыпаровқа ұсынылды.
🔹️Осылайша, қайта түлеген «Алтын адам» экспозициясы – өңіріміздің тарихи мұрасын кеңінен танытып, қазақстандықтарға көне дәуірдің құнды мұраларымен жақынырақ танысуға мүмкіндік беретін маңызды туристік әрі танымдық орынға айналмақ.
