Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығы 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында атқарылған негізгі жұмыстар жөнінде есеп берді.

Жиынға Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов, басқарма басшысының орынбасары Арман Әділғалиев, «Салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Атырау облыстық филиалының төрайымы Гүлнар Шайхашева және Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының мамандары қатысты. Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының басшысы Толыбай Достыбаев көпшілікке мекеменің 6 ай ішінде атқарған жұмыстарын егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Негізгі жұмыстар облыс аумағындағы жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің қорғау аймағын анықтау, тарихи-мәдени мұра объектілеріне тарихи-мәдени сараптама жүргізу және облыс аумағындағы тарихи-мәдени мұра объектілеріне мониторинг жүргізу бағытында болғанын айтты. Осы жұмыстар нәтижесінде мекеме қызметкерлерінен құралған жұмыс тобы облыс аумағындағы жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштер тізіміндегі 41 ескерткіштің қорғау аймағын анықтағанын, сараптама тағайындауға ұсынылған 100 ескерткіштің 80-не ескерткіш мәртебесін беруге оң қорытынды берілгендігін, 171 ескерткішке мониторинг жүргізілгендігін жеткізді. Басқарма басшысы Ақтөбе-Лаэти қалашығының, өңірімізде заңсыз орнатылып отырған бірқатар монументтердің толғақты мәселелерін ортаға салып, осы жайттарды заңға сәйкес шешу жағын қолға алуға тапсырма берді. Осымен қатар «Таскешу» керуен-сарайы ескерткішін туристік нысан ретінде қайта жасақтау қаншалықты тиімді екенін тағы да зерделеу қажет деп ұсыныс жасады. Мәселелерді талқылау барысында Доңызтауда орналасқан «Қайнар» діни-тұрмыстық кешеніне реставрациялық жұмыстар жасау мәселесі қозғалып, алдағы уақытта мұндай тарихи нысандарға қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу қажет деген ортақ шешім қабылданды. Жиын барысында тарихи-мәдени мұраны сақтау, қорғау және реставрациялау бағытындағы жұмыстарды одан әрі жетілдіру бойынша нақты тапсырмалар жүктелді.

Яндекс.Метрика