«Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау саласындағы заңнамалық өзгерістер және оларды іске асыру мәселелері» атты республикалық кеңес

Ағымдағы жылдың 30 сәуір күні Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау саласындағы заңнамалық өзгерістер және оларды іске асыру мәселелері» атты республикалық кеңес өтті. Кеңес Мәдениет және ақпарат вице-министрі А. Сыдықовтың төрағалығымен өткізілді.
Форум барысында Қазақстан Республикасы Білім және жоғары білім вице-министрі Г. Көбенова мен Ә. Марғұлан атындағы Археология институтының бас директоры А. Оңғар заңнама аясында енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды кеңінен таныстырып, тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау, сақтау және тиімді пайдалану бағытындағы өзекті мәселелерге тоқталды.
Кеңеске өңірлердің мәдениет басқармаларының басшылары, тарихи-мәдени мұраны қорғау, сақтау, зерттеу және қалпына келтіру орталықтарының жетекшілері, сондай-ақ лицензиаттар қатысты. Аталған жиынға Облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ә. Жоламанов, тарихи-өлкетану музейінің басшысы М.Кипиев пен Тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының басшысы Т. Достыбаев қатысып, саладағы өзекті мәселелер мен ұсыныстарды талқылауға атсалысты.
Кеңес аясында салалық мамандар тарапынан археологиялық зерттеулер жүргізу тәртібі, сондай-ақ оларды цифрландыру мен ғылыми тұрғыда зерделеу мәселелері кеңінен талқыланды. Сонымен қатар, заңнамалық талаптарды іске асыру барысында туындайтын түйткілдер мен оларды шешу жолдары қарастырылып, нақты ұсыныстар мен бастамалар ортаға салынды.
Қатысушылар өңірлік деңгейде тарихи-мәдени мұраны қорғау ісін жетілдіру, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүйелеу бағытында өзара тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдар мен ғылыми ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейту қажеттігіне ерекше назар аударылды.
Кеңес қорытындысы бойынша тарихи-мәдени мұраны қорғау саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүйелеу, сондай-ақ жауапты мекемелердің қызметін үйлестіру бойынша бірқатар нақты ұсыныстар қабылданды. Қатысушылар аталған бағыттар бойынша бірлескен жұмысты күшейту қажеттігін атап өтіп, бұл шараның саланың дамуына тың серпін беретінін жеткізді.
Анықтама: Қазақстан Республикасының «Тарихи-мәдени мұраны қорғау, пайдалану және қалпына келтіру туралы» Заңына бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, қолданысқа енгізілді. Аталған өзгерістерде археологиялық жұмыстарды жүргізу тәртібі нақтыланып, лицензиялау талаптары күшейтілді.

Яндекс.Метрика