«Атырау облысының тарихи-мәдени мұрасы: зерттеу және сақтау мәселелері» тақырыбында семинар-кеңес

18 сәуір – Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күніне орай 15 сәуір күні Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Атырау облысының тарихи-мәдени мұрасы: зерттеу және сақтау мәселелері» тақырыбында семинар-кеңес өтті.
Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығы өткізген бұл жиында өлкеміздің тарихи-мәдени мұрасын зерттеу мен сақтаудағы өзекті мәселелер талқыланып, ескерткіштер мен мемориалдық тақталарды орнатуда Заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету, заңсыз орнату фактілерінің алдын-алу және осы бағыттағы жұмыстарды жүйелеу туралы кеңінен айтылды.
Шараға қатысушылар семинар-кеңес алдында «Атырау өңірінің тарихи-мәдени мұралары» атты фотокөрмесі мен тарих және мәдениет ескерткіштеріне қатысты кітап көрмесін тамашалады.
Аудан әкімдерінің орынбасарлары,
Атырау қаласы және аудандардың мәдениет бөлімінің басшылары мен өкілдері, тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін зерттеу саласы мен туризм, музей саласының мамандары, ғалымдар, тарихшылар, өлкетанушылар, қоғамдық ұйым өкілдері қатысқан жиында Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының басшысы Толыбай Достыбаев «Тарих және мәдениет ескерткіштеріне қатысты жасалған жұмыстар, қорғау және сақтау заңдылықтары», Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі археология, ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі Ғаламат Базарбаев «Атырау өңірінде 2025 жылы жүргізілген археологиялық зерттеулер», Жылыой ауданы мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Әлібек Науаров «Жылыой ауданындағы тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау, қалпына келтіру жөнінде», Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығы басшысының орынбасары Фархад Байдәулетов «Кесенелер» тақырыбында баяндамалар жасады.
Басқосудың қорытынды сөзінде Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов тарих және мәдениет ескерткіштерінің қорғалу жайына тоқтала келе, өңіріміздегі монументалды ескерткіштер мен мемориалдық тақталарды орнату заңдылықтарының қатаң сақталып отыруына бақылау жасап отыруға шақырды. Тарихи нысандардың қорғалуы мен сақталуына облыс әкімдігі тарапынан мейлінше қолдау білдірілетінін жеткізді. Атырау өңірінің тарихи-мәдени мұрасын сақтау мен қорғау – баршаға ортақ маңызды міндет екенін ерекше атап өтті.
Жиын соңында ескерткіштерді есепке алу, қорғау және қалпына келтіру ісін жетілдіру бойынша нақты ұсыныстар айтылды.Осындай басқосулар өңірдің тарихи мұрасын сақтау ісіне тың серпін беретініне сенім білдірілді.

Яндекс.Метрика