2 қазан күні Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығы Атырау қаласы Жұлдыз-3 ықшам ауданының іргесінде орын тепкен Ақтөбе-Лаэти қалашығында ағымдағы жылы қалашық аумағына жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлердің көрмесі, сонымен бірге болашақта атқарылатын жобалардың таныстырылымын өткізді.
Атырау қаласының тарихы бастау алатын бірден бір қасиетті де киелі көне мекеннен табылған жәдігерлерді тамашалауға Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов, өңіріміздің тарихын зерттеуге атсалысып жүрген өлкетанушылар мен тарихшылар, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің оқытушылары мен студенттері, ауыл тұрғындары және БАҚ өкілдері қатынасты.
Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының тапсырысымен қалашыққа жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарына жетекшілік еткен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің аға оқытушысы, археолог Амангелді Зайнов зерттеу кезінде табылған жәдігерлерді жан-жақты таныстыра келіп, көне артефактілер өлке тарихының кейбір кемшін тұстарын толықтыратынын жеткізді. Қазба орнынан табылған Хум ыдыстар (3 дана), күміс тиындар, керамикалық ыдыс қалдықтары Ақтөбе-Лаэти қалашығында өркениетіті тұрғындар мекендегенін айғақтайтынын айтты.
Таныстырылым барысында қатысушылардың бірқатары көне қалашықтың сақталуы мен оның болашақта ашық аспан астындағы музейге айналдыру жоспарын қолдайтындықтарын айтып, жүзеге аса бастаған бастамаға сәттілік тіледі.