Атыраудағы «Ақтөбе-Лаэти» қалашығын қоршау жұмыстары аяқталды

Атырау облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының Тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының тапсырысымен Жұлдыз-3 ықшам ауданында орналасқан жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің бірі де бірегейі «Ақтөбе-Лаэти» қалашығын қоршау жұмыстары жүргізілді. Бұл туралы тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының басшысы Толыбай Достыбаев мәлімдеді, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Орталық басшысының айтуынша, бұл аумақты алдағы уақытта ашық аспан астындағы музейге айналдыру мақсатында ғылыми жобалық-сметалық құжаттама жасалды. Бүгінде жоба мемлекеттік сарапатамадан өтуде.
- Қалашық - Атырау қаласының тарихы бастау алатын бірден бір қасиетті де киелі мекен. Жалпы аумағы – 57 Га. Ұзақ жылдар бойы көптің назарынан тыс қалған бұл аумақ біз үшін де, келер ұрпақ үшін де маңызды екенін айтқым келеді, - деді Т.Достыбаев.
Жобаға сәйкес 2018-2019 жылдары жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде анықталған, көлемі 1890 шаршы метр болатын қалашықтың орнын реставрация жасап, садақ ату орнын салу жоспарланып отыр. Оған қоса жобада әкімшілік ғимарат салып, абаттандыру жұмысын жүргізу қарастырылған.Анықтама үшін: 8 ғасыр бұрын пайда болған «Ақтөбе-Лаэти» қалашығы Атырау облысының жергілікті маңызы бар тарих жəне мəдениет ескерткіштерінің тізіміне енген.
 

Яндекс.Метрика