Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы

2024 жылдың 15 наурызы күні Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің бай тарихи-мәдени мұрасын сақтау үшін шаралар қабылдаудың маңыздылығын атап көрсетті.

"Соңғы жиырма жыл ішінде еліміздегі аса маңызды археологиялық ескерткіштердің көбі әбден тоналды. Тіпті, еліміздің аумағынан табылған құнды жәдігерлерді Қазақстандағы, шетелдегі жеке коллекциялардан және әлемнің әртүрлі мұражайларынан көретін болдық. Бұл мәселені шұғыл қолға алу керек. Атап айтқанда, археология саласына қатысты заңдарды жетілдіру, лицензия беру ісін реттеу және археологиялық қазба жұмыстарын заңсыз жүргізгені үшін жазаны күшейту қажет. 

Тарихи-мәдени мұра  санатына кіретін нысандарға реставрация жасау ісін ретке келтіретін шараларды күшейткен жөн. Тарихи жәдігерлерімізді шетел мұражайларынан Қазақстанға қайтару жұмыстарын жандандыру да маңызды. Ондай мүмкіндік болмаса, еліміздегі мұражайларға қою үшін жәдігерлеріміздің дәлме-дәл көшірмесін жасау керек. Әртүрлі фракцияның өкілі әрі Құрылтай мүшесі саналатын Мәжіліс депутаттары бұл мәселені шешуге күш-жігерін салады деп сенемін", - деген Мемлекет басшысының сөзін Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығы  қолдайды және іске асыруды назарға алады.

Яндекс.Метрика