Кеше Атырау әкімдігінде аймақ басшысының орынбасары Жасұлан Бисембиевтің төрағалығымен тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссия отырысы болып өтті. Мәжіліске комиссия мүшелері және Атырау қаласы әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов, қала құрылысы және сәулет бөлімінің басшысы Тілек Махуов қатынасты.
Жиын күн тәртібінде:
- Жаңадан ескерткіштер орнатуға келіп түскен ұсыныстар мен мемориалдық тақталарды орнатуға келіп түскен ұсыныстарды талқылау;
- Тарихи-мәдени сараптама өткізілген қорытындыға сәйкес тарихи-мәдени мұра объектілеріне ескерткіш мәртебесін беру және ескерткіш мәртебесінен айыру;
- «Ақтөбе-Лаэти» қалашығын реставрациялау жұмыстарының ғылыми-жобалық құжаттамасын таныстыру мәселелері қаралды.
Басқосуда облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов, Тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының басшысы Толыбай Достыбаев баяндама жасады. Сондай-ақ, жиында алдағы жылдары қала іргесінің аумағында орналасқан Ақтөбе-Лаэти қалашығына жүргізілетін ғылыми-реставрациялық жұмыстардың ғылыми-жобалық құжаттамасын бас жобалаушы «Тоныкөк - Құрылыс» ЖШС-нің өкілі, жобаның ғылыми жетекшісі Сейілхан Мираш таныстырды. «Ақтөбе-Лаэти» қалашығы аумағын (34,9 га) қоршау жұмыстарын жүргізу 2024 жылға жоспарлануда.
Сонымен бірге, комиссия төрағасы алдағы уақыттарда қала, аудан әкімдіктеріне, жеке және заңды тұлғаларға ескерткіш орнату жұмыстары Қазақстан Республикасының «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңының және Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрінің 2020 жылғы 28 сәуірдегі № 103 бұйрығымен бекітілген «Монументтік өнер құрылыстарын орнату қағидаларын бекіту туралы» ережесін қатаң бақылауға алып, заңсыз ескерткіштер орнатуды болдырмау керектігін ескертті.