Ағымдағы жылдың 25 сәуірі мен 14 мамыр аралығында Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының мамандары өңіріміздегі жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің қорғау аймағын анықтау мақсатында Мақат, Жылыой, Индер, Қызылқоға аудандарында іс сапарда болды.
Мәдени ошақтарды зерттеу жұмыстары барысында аталмыш аудандардағы 36 нысанның, яғни 1 киелі объекті, 2 монументтік өнер құрылысы, 31 археологиялық ескерткіш, 2 қала құрылысы және сәулет ескерткіштерінің қорғау аймақтары анықталып, ескерткіштердің сызбалары сызылды. Жалпылай алғанда Атырау қаласынан 1 нысан, Мақат ауданында 2 нысан, Индер ауданында 5 нысан, Жылыой ауданында 2 нысан, Қызылқоға ауданында 26 нысан құжаттанды. Орталық мамандары тарих және мәдениет ескерткіштерінің қорғау аймақтарын анықтау жұмыстарын Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрінің 2010 жылғы 14 сәуірдегі № 86 «Тарих және мәдениет ескерткішінің қорғау аймағын, құрылыс салуды реттеу аймағын және қорғалатын табиғи ландшафт аймағын және оларды пайдалану режимін айқындау қағидаларын бекіту туралы» бұйрығы негізінде жүргізді. Осыған дейін Атырау облысы әкімінің қаулысымен жергілікті маңызы бар 93 тарих және мәдениет ескерткіштерінің қорғау аймағы бекітілген болатын.