Ағымдағы жылдың 28-30 мамыр аралығында Өзбекстан Республикасы Самарқанд қаласындағы Жібек жолы Халықаралық туризм және мәдени мұра университетінің ғимаратында TG Expo International Fuarcılık (TG Expo International Fairs Inc.) түрік көрме компаниясының ұйымдастыруымен HERITAGE TURQUOISE 2025 реставрация, археология, музейтану, кітапхана технологиялары және мәдени мұра, туризм жөніндегі көрме мен конференциясы басталды.
Аталған Халықаралық іс шараға Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына қарасты облыстық музейлердің, кітапхананың басшыларымен қатар Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының басшысы Толыбай Достыбаев қатынасуда.
Конференцияда Халықаралық түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова баяндама жасады. Конференция аясында музей ісі, археология, кітапхана, тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін қалпына келтіру бойынша көрме өткізілуде.